05.02.2026
Оқушылардың цифрлық сауаттылығы – қауіпсіз болашақтың кепілі
Қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер оқушылардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық орта білім алу, қарым-қатынас жасау және бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осыған байланысты оқушылардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру – мектептің маңызды міндеттерінің бірі.
Әлеуметтік желілер арқылы білім алушылар ақпаратқа тез қол жеткізіп, түрлі білім беру платформаларын пайдалана алады, шығармашылық қабілеттерін дамытып, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік алады. Алайда интернетті жауапсыз пайдалану бірқатар қауіп-қатерлерге алып келуі мүмкін.
Ең жиі кездесетін қауіптерге кибербуллинг, интернетке тәуелділік, жеке деректердің жариялануы, жалған ақпараттың таралуы жатады. Сонымен қатар қауіпті онлайн-челлендждер мен экстремалды селфи жасауға ұмтылу оқушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
Осыған орай білім беру ұйымдарында оқушыларға интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүйелі түрде сынып сағаттары, профилактикалық әңгімелер және қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Бұл жұмыстар барысында жеке деректерді қорғау, ақпаратты сын тұрғысынан бағалау және желідегі жауапкершілік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Цифрлық мәдениетті қалыптастыру – мектеп пен ата-ананың бірлескен жауапкершілігі. Балаларды интернет кеңістігінде қауіпсіз әрі саналы әрекет етуге үйрету арқылы біз олардың болашағын қорғап, қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуына жағдай жасаймыз.