21.05.2026
Жазғы демалыс — балалардың демалып, денсаулығын нығайтып, жаңа әсер алатын уақыты. Алайда демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау, көшеде, үйде және қоғамдық орындарда тәртіпті болу өте маңызды.
1. Жол қозғалысы ережелерін сақтау
Көшеде жүрген кезде мұқият және сақ болу қажет. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы және бағдаршамның рұқсат берген белгісімен кесіп өту керек. Велосипед, самокат, ролик немесе скейт пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Жолдың жүріс бөлігі ойын ойнауға және сырғанауға арналмаған.
2. Қоғамдық көліктегі қауіпсіздік
Автобусқа міну және түсу кезінде абай болу керек. Аялдамада жолға тым жақын тұрмау қажет. Жол бойында телефонға алаңдамау керек.
3. Бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау ережелері
Бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, олардан сыйлық немесе тәтті алмау, бөгде көлікке отырмау қажет. Егер күмәнді жағдай болса, бірден ата-анаға немесе ересек адамдарға хабарлау керек.
4. Ойын ойнауға болмайтын қауіпті орындар
Құрылыс алаңдарында, қоқыс орындарында, теміржол маңында, бос жатқан ғимараттарда және жол бойында ойнауға болмайды. Бұл өмірге қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін.
5. Ата-анаға қайда баратынын хабарлау
Үйден шығар алдында ата-анаға қайда және кіммен баратынын айту қажет. Үлкендердің рұқсатынсыз алыс жерге кетуге болмайды. Үйге уақытында оралу керек.
6. Үйдегі қауіпсіздік
Үйде жалғыз қалғанда бөтен адамдарға есік ашпау керек. Электр құралдарын, газды, өткір заттарды абайлап пайдалану қажет. Сіріңкемен, оттықпен және өртке қауіпті заттармен ойнауға болмайды.
7. Су айдындарындағы қауіпсіздік
Ересектерсіз өзен-көлдерге баруға болмайды. Таныс емес жерлерде суға түсуге, терең жерге баруға және суға сүңгуге тыйым салынады. Су жағасында өте сақ болу қажет.
8. Қоғамдық орындардағы тәртіп
Қоғамдық орындарда мәдениетті және тәртіпті болу керек. Күдікті заттарға қол тигізуге болмайды. Қауіпті зат байқалған жағдайда үлкендерге немесе полиция қызметкерлеріне хабарлау қажет.
9. Кешкі уақыттағы қауіпсіздік
Кәмелетке толмаған балаларға кешкі сағат 22:00-ден кейін ата-анасыз көшеде жүруге болмайды.
10. Қауіпті заттар мен зиянды әдеттерден сақ болу
Өткір, жарылғыш және жанғыш заттармен ойнауға болмайды. Темекі, алкоголь, есірткі және улы заттарды қолдануға қатаң тыйым салынады.
11. Бос уақытты тиімді пайдалану
Жазғы демалыс кезінде кітап оқу, спортпен айналысу, ата-анаға көмектесу, өткен оқу материалдарын қайталау пайдалы.
Есте сақтаңыз!
Қауіпсіздік ережелерін сақтау — өмір мен денсаулық кепілі.
Демалыс уақыты: 2025 жылғы 26 мамыр мен 31 тамыз аралығы.
Сабақтың басталуы: 2025 жылғы 1 қыркүйек.
Жазғы демалыс кезінде балалардың өмірі мен денсаулығына ата-аналар немесе заңды өкілдер жауапты.
Таныстық:
Оқушы ______________
Ата-анасы ____________