Қазақстанда мектептегі білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды оқытуға ерекше көңіл бөлу. Бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» пәні жасанды интеллектке қатысты тақырыптармен толықтырылады. Ал 5–11 сыныптарда тиісті тақырыптар информатика пәнінің мазмұнына енгізіледі. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын сауатты пайдалануды, алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды, цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды және жеке деректерді қорғауды үйренеді. Жоғары сынып оқушылары машиналық оқыту, нейрондық желілер және деректерді талдау негіздерімен танысады. Бұл жаңашылдықтар оқушылардың цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға және оларды заманауи технологиялық әлемге бейімдеуге бағытталған.