20.08.2026
2026–2027 оқу жылын ұйымдасқан түрде бастау, білім беру және тәрбие саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, білім алушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, мемлекеттік рәміздерге, заңға, еңбекке, экологиялық мәдениетке және азаматтық жауапкершілікке құрметін қалыптастыру, сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі осы ұсынымдарды әзірледі.
Жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарына негізделеді және адал, жауапты, еңбекқор әрі білімді, заңды, қоршаған ортаны, еңбек адамы мен Отанын құрметтейтін азаматты қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы, «Заң және тәртіп» және «Адал еңбек» қағидаттары арқылы іске асырылады.
Осы ұсынымдар меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының барлық білім беру ұйымдарында Білім күні мен Бірыңғай сынып сағатын ұйымдастыру мен өткізудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды.
Білім күнін өткізу туралы
2026–2027 оқу жылында Білім күні 1 қыркүйекте салтанатты іс-шара форматында өткізіледі (ұзақтығы – 45 минутқа дейін). Білім күніне арналған салтанатты іс-шараға сыныптардың (топтардың) қатысуын білім алушылардың (мектеп, колледж) санына қарай білім беру ұйымының басшысы айқындайды.
Білім күні білім алушылардың іскерлік киім үлгісіне және білім берудің зайырлы сипаты қағидатына сәйкес келетін мектеп формасына қойылатын талаптарды, сондай-ақ білім алушылардың сыртқы келбетінің ұқыптылығы мен жинақылығына қойылатын талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау міндетті түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Білім басқару органдары мен білім беру ұйымдарының басшылары Білім күніне арналған іс-шараларды білім алушылардың, педагогтердің, ата-аналардың (заңды өкілдердің) және іс-шаралардың өзге де қатысушыларының қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып өткізуді қамтамасыз етуі қажет.
Іс-шараларды ұйымдастыру кезінде ата-аналардың білім беру процесінің тең құқылы қатысушылары ретінде қатысуын қамтамасыз етіп, балаларды тәрбиелеу мәселелерінде отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету қажет.
Мектеп ұжымында құрмет, өзара көмек, ізгі ниет пен бірлік ахуалын қалыптастыруға, өз мектебіне, өңіріне және Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет.
Салтанатты іс-шараларды өткізу кезінде ауа райы жағдайларын ескеріп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды өткізу орнын (білім беру ұйымының ғимаратында немесе оның аумағында) айқындау ұсынылады.
Білім күнін салтанатты, мазмұнды және тәрбиелік бағытқа негізделген атмосферада өткізу ұсынылады. Бұл ретте көрсетілім үшін жасалатын сән-салтанат элементтеріне, ата-аналардың (заңды өкілдерінің) негізсіз қаржылық шығындарына, ақша жинауға және әлеуметтік әділеттілік, теңдік пен баланың құқықтарын құрметтеу қағидаттарына қайшы келетін өзге де әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Оның ішінде білім беру ұйымдарында қымбат гүл шоқтарын және басқа да қымбат сыйлықтарды сыйлау тәжірибесіне жол берілмейді.
Осы ұсынымдарды іске асыру барлық білім алушылар үшін тең жағдай жасауға, ата-аналардың (заңды өкілдердің) негізсіз қаржылық шығындарының алдын алуға, құрмет пен өзара түсіністік ахуалын нығайтуға, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.
Бірыңғай сынып (кураторлық) сағатын өткізу туралы
Бірыңғай сынып (кураторлық) сағатының тақырыбы: «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі».
Бірыңғай сынып сағатының негізгі мақсаты – білім алушылардың білім, адал еңбек, заңға бағыну, заңды бұлжытпай орындау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және белсенді азаматтық ұстаным Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен әрбір азаматтың әл-ауқатының негізі болып табылатынын түсінуін қалыптастыру.
Сынып сағаты барысында Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды ілгерілетуге, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев айқындаған «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Толық адам» және басқа да идеологемаларға баса назар аудару қажет. Сонымен қатар оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының негізгі міндеттерін атап өту маңызды.
Бұл күні өңірлер мен аудандардың бірінші басшыларының педагогтер мен білім алушыларды құттықтауын ұйымдастыру, сондай-ақ олардың білім беру ұйымдарына баруын қарастыру ұсынылады.
Сонымен қатар, сынып сағатына:
-білім беру саласының еңбек ардагерлерін;
- жергілікті атқарушы органдардың және білім басқару органдарының өкілдерін;
- қамқоршылық кеңес мүшелерін;
- білім алушылардың ата-аналарын (заңды өкілдері) шақыру ұсынылады.
Бірыңғай сынып сағатын өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарының әрбір адамның күнделікті өмірімен өзара байланысын ашып көрсету, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің азаматтық міндеттерді орындаумен, заңдарды сақтаумен, мемлекеттік рәміздерді, қоғамдық тәртіпті, табиғатты және еңбекті құрметтеумен ажырамас байланысын атап өту ұсынылады.
Бірыңғай сынып сағатын өткізу кезінде жұмыстың заманауи интерактивті нысандарын: ашық диалог, пікірталастар, өмірлік жағдайларды талдау, топтық жобалар, тақырыптық бейнематериалдар, шығармашылық тапсырмалар, мектепті, елді мекенді және Қазақстан Республикасын дамытуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды талқылауды пайдалану ұсынылады.
Білім алушылардың мектеп аумағының тазалығын сақтауға, мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарауға, білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, қоғамдық орындардағы мінез-құлық нормалары мен цифрлық этиканы ұстануға қатысты жеке жауапкершілігі мәселелеріне ерекше назар аудару ұсынылады.
Біртұтас тәрбие кеңістігін қалыптастыру мақсатында сынып сағатының мазмұнына «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын, сондай-ақ қауіпсіз және әділетті қоғамның негізі ретінде «Заң және тәртіп» қағидатының маңызын талқылауды енгізу ұсынылады.
Кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін және Білім күніне арналған іс-шараларды өткізу алдында жергілікті атқарушы органдардың, білім басқару органдарының және білім беру ұйымдарының басшылары білім беру объектілерінің кешенді дайындығын қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте білім алушыларды қауіпсіз тасымалдау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ білім беру объектілерінің құрылысын, жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға және пайдалануға беруге ерекше назар аудару қажет.
Білім алушыларды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша:
- балаларды білім беру ұйымдарына дейін және кері қарай келуін үздіксіз әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету;
- білім алушылардың тізімдерін, мектеп автобустарының бағыттары мен қозғалыс кестелерін, отырғызу және түсіру орындарын өзектендіру;
- мектеп автобустарының техникалық жарамдылығын, қажетті құжаттарының болуын және міндетті техникалық қарап-тексеруден өтуін қамтамасыз ету;
- аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, тасымалдау бағыттарында және білім беру ұйымдарына жақын аумақта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша:
- ғимараттардың, аумақтардың, инженерлік желілердің, эвакуациялық шығу жолдары мен эвакуациялау жолдарының жай-күйін қоса алғанда, білім беру ұйымдарының дайындығына кешенді тексеру жүргізу;
- бейнебақылау жүйелерінің, дабыл түймелерінің, хабарлау және қолжетімділікті бақылау жүйелерінің жарамдылығын, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, төтенше және штаттан тыс жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар бойынша қызметкерлерге нұсқама өткізу;
- полиция органдарымен бірлесіп, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша, әсіресе Білім күніне арналған іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша шаралар қабылдау.
Білім беру объектілерін салу, жөндеу және ашу бойынша:
- 2026–2027 оқу жылының басында ашылуы жоспарланған объектілердің құрылысын, реконструкциясын және күрделі жөндеуін белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету;
- құрылыс дайындығы төмен және жұмыстарды уақытында аяқтамау тәуекелі бар объектілерді ерекше бақылауға алу;
- құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтауды, инженерлік коммуникацияларға қосуды, аумақтарды абаттандыруды, жиһазбен, оқу жабдықтарымен және қауіпсіздік құралдарымен жарақтандыруды қамтамасыз ету;
- облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдерінің қатысуымен жаңа білім беру ұйымдарының салтанатты ашылуын және тиісті ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.
Балалардың тамақтануын ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 4 желтоқсандағы № 236-VIII ҚРЗ «Мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 2026 жылдан бастап білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындығын, оның ішінде тамақтану орындарының тамақтануды ұйымдастыруға әзірлігін проактивті бағалауға мүмкіндік беретін объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізу енгізілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 51-2-бабына сәйкес білім беру ұйымдарына қатысты бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі белгіленіп, субъектіні бақылау іс-шарасының басталғаны туралы алдын ала хабардар ету алынып тасталды.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарының дайындығын, тамақтану орындарының жай-күйін және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бағалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет.
Оқулықтармен қамтамасыз ету туралы
Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабына сәйкес және Оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларында (ҚР БҒМ-нің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығы) білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуі белгіленген.
2026–2027 оқу жылында жергілікті атқарушы органдар 3 және
7-сыныптарға арналған оқулықтарды сатып алады.
Анықтама: 3-сыныптар үшін – «Қазақ тілі» (Т1/Т2), «Русский язык» (Я1), «Әдебиеттік оқу/Литературное чтение», «Дүниетану/Познание мира», «Математика» (қазақ/орыс), «Музыка» (қазақ/орыс); 7-сыныптар үшін – «Дүниежүзі тарихы/Всемирная история».
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері:
1) іс-шаралардың сапалы өткізілуін және олардың осы ұсынымдарға сәйкес тәрбиелік-құндылық бағыттылығын қамтамасыз ету;
2) ағымдағы жылғы 10 тамыздан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру;
3) бақылауда ұстауды қажет ететін мәселелер:
-жалпыға бірдей міндетті білім беру аясында білім алушылардың жекелеген санаттарын материалдық және қаржылай қолдауды қамтамасыз ету;
-оқулықтарды сатып алуды және тасымалдау;
-білім беру ұйымдарын педагог кадрлармен қамтамасыз ету;
-білім беру ұйымдарында білім алушылар мен олардың ата-аналары арасында мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
4) облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдерінің жаңа білім беру ұйымдарын, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынған объектілерді ашуға арналған салтанатты іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету;
5) білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға дайындығына, балаларды тасымалдау және олардың болу қауіпсіздігіне, сондай-ақ объектілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға дербес бақылауды қамтамасыз ету;
6) білім беру ұйымдарының дайындығын, тамақтану блоктарының жай-күйін және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында анықталған бұзушылықтарды дереу жою жөнінде шаралар қабылдау;
7) ағымдағы жылғы 30 тамызға дейін білім беру ұйымдарын 3 және 7-сыныптарға арналған жаңартылған оқулықтармен, сондай-ақ қосымша сатып алу есебінен білім алушылар контингентіне сәйкес қажетті мөлшердегі оқулықтармен қамтамасыз ету;
8) ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігіне өңірде Білім күнін атап өту туралы мәтіндік ақпарат жолдау қажет.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне:
1) Білім күніне арналған іс-шаралар өткізілетін орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту;
2) іс-шаралар өткізілетін орындарда және оларға іргелес аумақтарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Согласовано
18.08.2026 18:03 Ибраева Стэлла Амангельдиевна
Подписано
18.08.2026 18:04 Акпарова Шынар Куанышовна
|
Тип документа |
Исходящий документ |
|
Номер и дата документа |
№ 2-05-4/5770-И от 18.08.2026 г. |
|
Организация/отправитель |
МИНИСТЕРСТВО ПРОСВЕЩЕНИЯ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН |
|
Получатель (-и) |
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ГОРОДА ШЫМКЕНТ |
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АКТЮБИНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
ГУ «УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ» |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ГОРОДА АСТАНЫ |
|
|
ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ «УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ОБЛАСТИ ЖЕТІСУ» |
|
|
ГУ УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ПАВЛОДАРСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АКИМАТА КОСТАНАЙСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ЗАПАДНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ОБЛАСТИ АБАЙ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ГОРОДА АЛМАТЫ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АКИМАТА СЕВЕРО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ЖАМБЫЛСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АЛМАТИНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ МАНГИСТАУСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ВОСТОЧНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ АТЫРАУСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
ГУ «УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ ОБЛАСТИ ҰЛЫТАУ» |
|
|
КОММУНАЛЬНОЕ ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ «УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ КЫЗЫЛОРДИНСКОЙ ОБЛАСТИ» |
|
|
УПРАВЛЕНИЕ ОБРАЗОВАНИЯ КАРАГАНДИНСКОЙ ОБЛАСТИ |
|
|
Электронные цифровые подписи документа |
Согласовано: ИБРАЕВА СТЭЛЛА MIIRxAYJ...pUWUM0A== Время подписи: 18.08.2026 18:03 |
|
Подписано: АКПАРОВА ШЫНАР MIIRrQYJ...k24s35jU= Время подписи: 18.08.2026 18:04 |
|
|
ЭЦП канцелярии: МАРДАНОВА ЖАНАР MIIR7wYJ...vUFP9v6g= Время подписи: 18.08.2026 18:15 |
|
|
Данный документ согласно пункту 1 статьи 7 ЗРК от 7 января 2003 года N370-II «Об электронном документе и электронной цифровой подписи», удостоверенный посредством электронной цифровой подписи лица, имеющего полномочия на его подписание, равнозначен подписанному документу на бумажном носителе. |