27.08.2026
Қазақстанда білім беру ұйымдарын жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына дайындау жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлердің білім басқармалары басшыларымен кеңес өткізді. Кеңесте мектептердің оқушыларды қабылдауға дайындығына, жөндеу жұмыстарының аяқталуына және жаңа білім беру нысандарының құрылысына ерекше назар аударылды.
Жаңа оқу жылында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Мектептерде оқушылардың жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын және қоршаған ортаға ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», ал 8–11 сынып оқушылары үшін «Заң және тәртіп» курстары енгізіледі. Сонымен қатар балалардың жеке қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жалғасады.
Жаңа бағыттардың бірі – оқушылардың экологиялық мәдениетін дамытуға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға бағытталған «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы.
Жаңа оқу жылы оқушылар үшін жаңа білімге, қабілеттерін дамытуға және үлкен жетістіктерге жол ашады.
Барлық оқушыларға, ұстаздар мен ата-аналарға жаңа 2026–2027 оқу жылының сәтті басталуын тілейміз!