16.04.2026
Қазақ халқы – қашанда сөзге тоқтаған, білім мен тәрбиеге ерекше мән берген халық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақал – соның айқын дәлелі. Жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – руханиятқа бет бұрып, кітапты серік ету. Осы мақсатта Қазақстанда биыл алғаш рет 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтуде. Бұл – ел руханиятына жасалған үлкен құрмет, келешек ұрпаққа рухани бағдар. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі кітап құндылығын саралай отырып, мән-маңызына тоқталып өтті.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде атап өтуді ұсынды. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес: дәл осы дата ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Ұлттық күн ретінде ұлықтау қазақ қоғамында кітапқа деген қызығушылықты арттырып, жастардың оқуға деген ынтасын жандандырудың маңызды қадамы болып саналады.
Кітап оқу – сән емес, сана деңгейі
Кітап оқу – рухани қажеттілік. Ол адамның сөздік қорын ғана емес, ойлау жүйесін, өзіндік пікір қалыптастыру қабілетін, өмірге көзқарасын өзгертеді. Әр оқылған шығарма жаңа әлемге ашылған терезе секілді.
Балалар әдебиеті дамып келеді. Бұл өз кезегінде болашақ ұрпақтың оқырман болып қалыптасуына негіз бола алатын қуанышты үрдіс екені сөзсіз.
Жаңа буын TikTok, Instagram, YouTube арқылы ақпарат тұтынуға үйреніп барады. Десе де бұл жаңашылдықтар кітаптың орнын алмастыра алмайтыны хақ. Кітаптың бір сәтке емес, өмір бойы әсер ететін рухани қорек екенін түсінген жөн.
Кітапты ұлттың санасына әсер ететін құрал ретінде қабылдаған дұрыс. Классикалық әдебиеттің құнын түсірмей, заманауи тақырыптарға да бет бұру қазіргі оқырман сұранысын қанағаттандырудың жолы болып табылады.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда кітапханалардың да рөлі маңызды. Қазіргі заман кітапханасы жай ғана кітап сақтайтын мекеме емес, оқырманмен жұмыс істейтін шығармашылық алаң болуы тиіс. Еліміздің кейбір кітапханалары жаңаша форматқа көшіп, жас оқырмандарды тарту үшін түрлі жобалар жасап жатыр. Мәселен, оқырман клубтары, әдеби кездесулер, шығармашылық шеберханалар ұйымдастыруда.
Осы тектес жобалар баланы кітаппен «достастырып», оны өмірінің ажырамас бөлшегіне айналдыруға жол ашады.
Сол себепті Ұлттық кітап күнін ұлттық деңгейдегі үндеу деп қабылдау керек. Қоғамның әр мүшесін:
- Соңғы рет қандай кітап оқыдым?
- Бала-шағам не оқып жүр?
- Өзім үлгі бола алып жүрмін бе?-деген сұрақтар мазалауы қажет.
Оқырман ұлт – ойлы ұлт, ал ойлы ұлт – озатын ұлт. Тарихты да, болашақты да кітап жасайды. Сол себепті бізге керегі – кітаппен өмір сүретін сана қалыптастыру.
Кітап – ми жаттықтырушы құрал
Заманауи ғылым кітап оқудың адам миына оң әсер ететінін нақты дәлелдеді. Оқу кезінде:
- нейрондар арасында жаңа байланыс орнайды;
- есте сақтау қабілеті жақсарады;
- тілдік қор мен логикалық ойлау жүйесі дамиды;
- эмоциялық интеллект артады.
Басқаша айтқанда, кітап оқу – ми үшін фитнес. Жаттығу жасамаған бұлшықет секілді, оқылмаған ми да әлсірейді. Сондықтан балаларға ғана емес, үлкендерге де кітап оқу – қажеттiлiк.
Кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасы ішінде қалыптасады. Балаға қанша жерден «кітап оқы» десек те, ата-анасының бірде-бір рет кітап ұстап отырғанын көрмесе, бұл кеңес құр сөз болып қалады.
Ата-ана кітап оқымай, баладан оны талап етуі дұрыс емес. Сол себепті де әр отбасыда кітап сөреде емес, қолда жүруі керек.
Баланың кітаппен достығы жөргектен басталуы тиіс. Ертегі оқу, суретті кітаптармен танысу, кітапханаға бірге бару балада кітапқа деген қызығушылық тудырады. Оқырман бала – ертеңгі дана азамат.