Абай Құнанбайұлы (1845-1904)
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туған.
Абай ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өсіп, тәрбие алды. Оның әкесі Құнанбай қажы тобықты руының өте ықпалды, орыс тілін жақсы білген биі болды.
Абай әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып білім алады. Ол бала жасынан кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты. Абай қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қауіптенетін. Абай халық ауыз әдебиетінің үлгілерін өте жақсы білді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады.
Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М. Лермонтовтың біркатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Ю. Лермонтовтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау Терек долданып, буырқанып») сияқты өлендерін аударды. Абай А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Абай И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтар ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Ә. Бөкейханов өзінің қырғыз даласындағы әртүрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы акындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.